Өзбекстан президенті мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат - 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев мемлекеттік сапармен Қазақстанға келеді.

Бұл туралы Sputnik Өзбекстанға Қазақстанның Ташкенттегі өкілдігінен хабарлады, деп жазады CA-News.

Хабарламаға сүйенсек, ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзбекстандық әріптесін қонаққа  шақырған. Сапар аясында екіжақты стратегиялық серіктестікке қатысты барлық мәселелер мен оны ары қарай дамыту жайы талқыланады.

«Біздің қарым-қатынасымыз 2016 жылдың соңында және 2017 жылдың басында зор қарқынмен дамуда. Сәйкесінше, шешімін таппаған мәселелер легі де пайда болды. Осыған орай, екі ел басшыларының кездесуі орынды әрі маңызды», - деп түсіндірді Қазақстанның Өзбекстандағы елшілігіндегі дереккөз.

Бұрын хабарланғандай, Шавкат Мирзиёев Өзбекстан президенті ретінде алғашқы ресми сапарын Ресейге жасауды жоспарлауда. Өзбекстан ведомствосы мемлекет басшысының РФ-ке ресми сапарына қазірдің өзінде дайындықты бастады.