Өзбекстан ірі АЭС салу жобасына талдау жасап жатыр

Фото: Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан ірі АЭС салу мүмкіндігін зерделеп жатыр. Бұл туралы Kazinform агенттігінің меншікті тілшісіне сұхбат берген Uzatom агенттігінің Атом электр станциясы құрылысы дирекциясының директоры Отабек Аманов мәлім етті.

– Биыл наурызда елдегі атом энергетикасын дамыту туралы кеңес өтті. Онда президент Шавкат Мирзиёев Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаевқа ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Қазіргі уақытта біз жобаны зерделеп жатырмыз. Яғни, нысанның техникалық және экономикалық аспектілеріне талдау жасалуда. АЭС-тің моделі және қаржыландыру көздері мәселесі пысықталады. Осы жұмыстардың қорытындысы бойынша ұсыныстар әзірленеді, - деп жауап қатты Отабек Аманов Kazinform тілшісінің сауалына.

Еске салайық, бұған дейін Өзбекстан билігі ірі АЭС салу мүмкіндігін қарастырып жатқанын жазған едік.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Сонымен қатар қазіргі уақытта ресми Ташкент аз қуатты АЭС салуға кірісті. Әрқайсысының қуаты 55 МВт болатын 6 реактор (жалпы қуаты – 330 МВт) Джизак облысындағы Тузкан көлінде бой көтереді. АЭС-тің алғашқы реакторы 2029 жылдың соңында іске қосылмақ. Ал ол толық қуатта 2033 жылдан бастап жұмыс істейді деп жоспарланған.

Жақында Kazinform агенттігіне сұхбат берген Uzatom агенттігінің директоры Азим Ахмедхаджаев энергетикалық нысанның құны 2 млрд доллардан аспайтынын айтты.

Осыған сай, Өзбекстан мен Ресей АЭС салу келісімшартының күшіне ену хаттамасына қол қойды.

Сондай-ақ АЭС салу үшін халықаралық консорциум құрылады.