ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстандық кеденшілер Қазақстанмен шекарадағы «Мәлік» өткізу пункті арқылы өзбек тарапына алтыннан жасалған зергерлік бұйымдардың ірі партиясын алып өтпек болған әйелді анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан Кеден комитетінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, шекара бекеті арқылы өтпек болған әйелді тексеру кезінде оның аяғына оралған 19 қаптама табылды. Оның ішіне гауһар тастармен безендірілген әрі бағалы металдардан жасалған 468 зергерлік бұйым жасырылған.
Анықталған әйел 14 жастағы немересін де заңсыз тасымал үшін пайдаланған. Кәмелетке толмаған қызды тексеру барысында одан 454 зергерлік бұйым жасырылған 12 қаптама табылды.
Жалпы саны 922 әшекейдің салмағы 6,7 келіден асады, ал олардың құны - 5,6 млрд сум (шамамен 213,8 млн теңге).
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.