20:11, 21 Мамыр 2009
Өзбекстан шекарасын бұзған 27 азаматты Қазақстан жағының сотына жіберу жөнінде келіссөздер жүруде
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Өзбекстан шекарасын бұзған 27 азаматты Қазақстан жағының сотына жіберу жөнінде келіссөздер жүруде.
Бұл туралы бүгін апталық брифинг барысында Бас прокуратураның ресми өкілі Сапарбек Нұрпейісов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Өзбекстанның Ұлттық қауіпсіздік қызметі Қазақстан азаматтарына қатысты қылмыстық іс қозғап, қамау туралы шешім қабылдады. Өз кезегінде Ақтөбе облыстық ІІД экономикалық контрабанда фактісі бойынша, аталған құқық бұзушыларға қатысты қылмыстық іс қозғады. Істің анық-қанығын анықтау мақсатында Қазақстаннан жедел тергеу тобы Өзбекстан еліне аттанып кетті», - деді С.Нұрпейісов.Ресми өкілдің айтуынша, қазіргі күні Қазақстан азаматтарын елге қайтару жөнінде өзбек тарапымен тиісті келіссөздер жүргізілуде. Егер келісім жасалса, онда біздің азаматтар Қазақстан заңы алдында жауапқа тартылмақ. Еске сала кетейік, наурыздың 21-і күні Қазақстанның 34 азаматы бірнеше жеңіл және «КамАЗ» автокөліктерімен Ақтөбе облысынан Манғыстау облысына аттанады. Бірақ Өзбекстан шекарасынан асып кетеді. 27 адам өзбек шекарашыларына ұсталып, қалғандары қашып құтылады. Олардың айтуларына қарағанда, бораннан адасып, көрші ел аумағына кіріп кеткен.