Өзбекстан Таяу Шығыс елдерінен 19,3 мыңнан астам отандасын эвакуациялады

Фото: Өзбекстанның Көлік министрлігі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – 1-7 наурыз аралағында елдің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс мемлекеттерінен 19 347 өзбекстандықты эвакуациялады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Ведомствоның мәліметінше, 7 наурыз күні Сауд Арабиясынан Ташкентке 9 рейс ұйымдастырылып, сәйкесінше 1 680 адам Отанына оралды. Сонымен қатар, Біріккен Араб Әмірліктерінен 394 азамат елге қайтарылды.

Сондай-ақ, кеше өзбек тарапы Ираннан - 5, ал Қатардан 208 адамды эвакуациялады. Дохада қалған тағы 126 азамат чартерлік рейспен бүгін елге оралады.

Сыртқы істер министрлігінен атап өткендей, өзбекстандықтарды Отанына қайтару шаралары кезең-кезеңімен жүзеге асып жатыр.

Еске салайық, 5 наурызға дейін Өзбекстан Таяу Шығыс елдерінен 9,3 мыңнан астам отандасын эвакуациялады

3 наурызда Ирандағы 13 өзбекстандық Түрікменстан арқылы Отанына оралды

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстан Таяу Шығыстағы шиеленістің ірі қақтығысқа ұласуына алаңдаушылық білдірді

Тиісінше, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Таяу Шығыстағы қақтығысқа байланысты жауапты министрлікке елдің қорғаныс әлеуетін нығайтуды тапсырды. 

28 ақпанда Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты қауіпсіздік жөнінде тапсырма берді. 

Сондай-ақ 4 наурызда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев күштік құрылымдарға инфрақұрылым қауіпсіздігін бақылауды тапсырды.