Өзбекстан Таяу Шығыстағы қақтығысты келіссөз арқылы шешуге шақырды

Фото: t.me/Irna_ru

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбек тарапы Таяу Шығыстағы жағдайдың шиеленісуіне алаңдаулы, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

- Таяу Шығыстағы жағдайдың күрделене түсуі бізді аса алаңдатып отыр. Тиісінше, Өзбекстан өзара келіссөз арқылы шиеленісті бейбіт реттеуге шақырады, - делінген Сыртқы істер министрлігінің мәлімдемесінде.

Сондай-ақ, ведомство өзбекстандықтарды Израиль мен Иранға бармауға шақырды. Ал аталған елдердің аумағында жүргендерге қауіпсіз аймақтарға көшу ұсынылды.

- Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында барлық қажетті шаралар қолға алынды. Азаматтарымыздың абай болғаны және ресми хабарламаларды мұқият қадағалап отырғаны орынды, - деп мәлім етті Өзбекстан СІМ баспасөз хатшысы Ахрор Бурханов.

Еске салайық, таяуда Ираннан 30-дан астам өзбекстандық эвакуацияланды.

Сонымен қатар жақында Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев Таяу Шығыстағы жағдай өңірдегі саудаға теріс әсер етуі ықтимал екенін мәлім етті.