Өзбекстан Таяу Шығыстағы шиеленістің ірі қақтығысқа ұласуына алаңдаулы

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ведомстводан атап өткендей, өзбек тарапы Таяу Шығыстағы шиеленіс аймақтағы жаңа ірі қақтығысқа ұласуы мүмкін екеніне алаңдаулы.

— Барлық тараптарды ауыр салдарға алып келетін қадамдарға барудан бас тартуға шақырамыз. Біз ұстамдылық қағидаты негізінде дағдарысты халықаралық құқық шеіберінде шешуді орынды деп санаймыз. Саяси-дипломатиялық тәжірибеге сүйене отырып, мәселені өзара тиімді диалог арқылы реттеу бастамасын құптаймыз, — деп мәлім етті көршілес елдің Сыртқы істер министрлігінен.

Өзбекстан тараптардың өңірлік қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған жоспарларын қолдайды, тиісінше жағдайды тез арада тұрақтандыруға болатынына сенім білдіреді.

Еске салайық, 28 ақпанда Израиль Тегеранға соққы жасады.

Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Алматы мен Астанадан ұшып шыққан ұшақтар кері оралатыны белгілі болды.

Иран Израильге қарымта жауап ретінде бірнеше зымыран жіберді.

Ал Қазақстанның СІМ Ирандағы Қазақстан азаматтарының арасында зардап шеккендер жоқ екенін мәлімдеді.

Сондай-ақ, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қауіпсіздік Кеңесінің Хатшысы Ғизат Нұрдәулетовке Таяу Шығыстағы ахуалдың шиеленісуіне байланысты бірқатар тапсырма берді.