Өзбекстан тәжірибесі: Латын әліпбиі арқылы шетелдегі қандастармен байланыс нығайды

ШЫМКЕНТ. ҚазАқпарат - Қазақстан латын әрпіне көшу арқылы дүниежүзіндегі қазақтармен емін еркін араласа алады. Бұл өзбекстандық Ziyouz.com ақпараттық порталының редакторы Давранбек Тожиалиевтың пікірі, деп хабарлайды ҚазАқпарат ХАА тілшісі.

«Қазақтарға ұқсас біздің қандастарымыз да шет елдерде тұрады. Мәселен, Түркияда 500 мыңдай, Ауғанстанда 3 млн-нан астам, Қытайда және Америкада да өзбектер бар. Олар үшін де латын әліпбиі оқу оңай болып, арадағы байланыс жақсарды. Сондықтан Қазақстан Республикасында да латын әрпі арқылы қандастармен байланысты нығайтуға, оларды Отанға тартуға ықпалы зор болады»,-дейді ақпараттық порталының редакторы.
 

Давранбек Тожиалиевтың айтуынша, латын әліпбиі көшу бірнеше жылға созылуы мүмкін. Осындай дайындықтардың арқасында кейін қалыпты деңгейге түсіп кетеді. Мәселен, өзбек елі латын әрпіне көшуді 1995 жылдан бастаған.

«Бастапқы кезде мектептерде латын жазуын үйретіп, сыныптарда қосымша дәріс ретінде өткізілді. Кейін 15 жыл дайындық жұмыстарын жүргізіп, 2005 жылы көшті. Басында бәріміз де қабылдай алмаған едік. Алдыңғы кириллицадағы кітаптар не болады деп уайымдадық. Кейін ол қиындықтар да артта қалды. Технология дамып, ескі кітаптардың басым көпшілігі латынға аударылды. Қазір бәрі ресми түрде латын әліпбиіне көшірілгенімен кириллицаны да пайдаланады», - дейді Давранбек Тожиалиев.