Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасы Азия кубогын өткізуге бірлескен өтінім берді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM - Азия футбол конфедерациясы Азия құрлығындағы ең беделді футбол турнирі – 2031 жылғы Азия кубогын өткізуге үміткерлерді қарастыра бастады, деп хабарлайды Kazinform Өзбекстан футбол ассоциациясына сілтеме жасап.
Соңғы жылдары Орталық Азияда футболды дамыту бағытында жүргізілген реформаларға, жасалып жатқан жағдайларға, олардың халықаралық аренадағы ықпалына сүйене отырып, Өзбекстан, Тәжікстан және Қырғыз Республикасының футбол қауымдастықтары Азия кубогының жоғары деңгейде өтетініне сенім білдіріп, бірлескен кандидатурасын ортаға салды.
Бүгінде Өзбекстан көрші елдермен бірге беделді жарысты өткізуге толықтай дайын. Ташкент, Наманган, Ферғана, Қарши сияқты қалалардағы стадиондар халықаралық стандарттарға сәйкестендірілді.
ӨФА баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, Орталық Азия, әдеттегідей, өзінің қонақжайлылығымен, кәсіби көзқарасымен, футболға деген адалдығымен және әрине, футбол жанкүйерлерінің сүйіспеншілігімен бүкіл Азияның назарын аударуға дайын.
Естеріңізге сала кетейік: Өзбекстанда соңғы жылдары 20 және 23 жасқа дейінгі Азия кубогы мен футзалдан әлем чемпионаты жоғары деңгейде ұйымдастырылды және бұл жарыстар алдағы беделді турнирлер алдындағы үлкен сынақ болып табылады.
Футзалдан Өзбекстанда өткен әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы ширек финалға шыққан еді.