ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан туризмді дамыту үшін елге танымал шетелдік блогерлерді тартуды жоспарлап отыр. Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің қатысуымен өткен кеңесте мәлім болды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, Шавкат Мирзиёев 10 млн-нан астам аудиториясы бар 50 шетелдік блогерді елге шақырып, олар үшін тур ұйымдастыруды тапсырды.
Сонымен қатар 1 қазанға дейін Өзбекстанда ұлттық туристік бренд жайлы контент жасаушылардың арасында конкурс өтеді. Бұл бағыттағы істерге биыл 5 млн доллар қаражат бөлінеді.
Бұған қоса, Шавкат Мирзиёев министрлік және тиісті ведомстволарға электрондық виза жүйесін жетілдіру, туристерге ыңғайлы болу үшін мобильді қосымшаларды іске қосуды тапсырды.
Айта кетейік, үстіміздегі жылы Өзбекстан 11 млн шетелдік туристі қабылдап, олардан түсетін кірісті 2,5 млрд долларға жеткізуге ниетті.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.