Өзбекстан, Түрікменстан: Түркі мәдениеті мен мұрасы қорына мүше елдер саны артады
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада өткен Түркі мәдениеті мен мұрасы қоры кеңесінің II отырысында Ақтоты Райымқұлова жақында ұйымға мүше елдер қатары толығатынын хабарлады.
- Қырғыз Республикасының Бішкек қаласында 2024 жылғы 6 қарашада өткен Түркі мемлекеттері ұйымы Мемлекет басшылары кеңесінің 11-саммитінде Өзбекстан Республикасының президенті Шавкат Мирзиеев мырза өз сөзінде Өзбекстан тарапының біздің Қордың толыққанды мүшесі болуға дайын екендігін білдірді. Қорға мүше мемлекеттердің санын арттыру – біздің қызметіміздегі басты стратегиялық бағыттардың бірі екендігін атап өткен жөн, - деді қор басшысы.
Сонымен қатар Ақтоты Райымқұлова Түрікменстан мемлекеті дипломатиялық нота арқылы қорға бақылаушы мемлекет ретінде қосылуға дайын екендігін жеткізгенін атап өтті.
- Бұл ұсыныстар жан-жақты пысықталуда, жақын арада аталған мемлекеттерді қорға мүше және бақылаушы мемлекеттер қатарында көреміз деп ойлаймыз, - деді ол.
Айта кетейік, аталған отырысты ашқан ҚР Мәдение және ақпарат министрі Аида Балаева Түркістанда реставраторлар даярлауды ұсынды.
Бұған дейін Астанадағы ұлттық музейде «Диуани лұғат ат-түрк» сөздігінің 950 жылдығына орай халықаралық көрме ашылғанын жазған едік.