Өзбекстан Угандамен дипломатиялық қарым-қатынас орнатты

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан мен Уганда арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: Ташкент қаласы әкімшілігі

18 қаңтарда Уганданың астанасы Кампала қаласында Өзбекстан Сыртқы істер министрінің бірінші орынбасары Бахромжон Аълоев пен Уганда Сыртқы істер министрі Джедже Одонго дипломатиялық қарым-қатынас орнату туралы бірлескен коммюникеге қол қойды.

Өзбекстанның Сыртқы істер министрлігінен мәлімдегендей, кездесу барысында тараптар саяси, сауда-экономикалық, мәдени-гуманитарлық және басқа да салаларда өзара тығыз ынтымақтастық орнатуға дайын екендіктерін білдірді.

Осылайша, Уганда Өзбекстанмен дипломатиялық қарым-қатынас орнатқан 145-ші ел болды.

Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстан Тринидад және Тобагомен осындай келісімге келіп, бірлескен коммюникеге қол қойған еді.