Өзбекстан зейнеткерлері зейнетақыны төлем картасына ауыстыруға қарсы

АСТАНА. ҚазАқпарат - Өзбекстанның Сурхандария облысы, Денау ауданындағы бір топ зейнеткердің аудандық әкімшілік ғимараты алдында зейнетақыны пластикалық картаға ауыстырмай, қолма-қол беруді талап еткен видеосы ғаламторға тарап кетті. Бұл туралы centralasian.org. жазды.

Зейнеткерлердің айтуынша, пластикалық картадан зейнетақыны алғанда 22-27 пайыз комиссия алынады. Сол себепті көптеген зейнеткер 3-4 айдан бері зейнетақыларын ала алмай отыр. «Қолма-қол ақшаны алу үшін олар бізден 20 мың сум алады», - деп шағымданды зейнеткерлердің бірі. "Менің аты-жөнім Боймуратов Намозбобо, жасым 80-нен асты. Қазір Денау ауданының әкімдігінің алдында тұрмыз. Пластикалық картадан өз зейнетақымызды ала алмаймыз. Сондықтан, барша қария жиылып, жергілікті билікке келдік», - деді қарт.

Сондай-ақ, видеода орта жастағы ер адамның наразы зейнеткерлерден қашып бара жатқанын көруге болады. Зейнеткерлердің айтуынша, ол Денау ауданының әкімі.