Өзбекстан жасанды жолмен жаңбыр жаудыру технологиясын енгізуді көздеп отыр

Фото: Алматы әкімдігі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан үкіметі 1 наурыздан бастап жаңбырды жасанды түрде жаудыру технологияларын енгізуге бағытталған жобаны зерделеуге кіріседі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Тиісті Жарлыққа көршілес елдің басшысы Шавкат Мирзиёев қол қойды. Жобаны іске асыру Ұлттық экология комитеті, Ғылым академиясы және Ташкент облысының әкімдігіне жүктеледі.

Бастаманың негізгі мақсаты - жауын-шашынның түсімін 10-20%-ға арттыру. Сәйкесінше, ғалымдар Франция, Қытай және Сауд Арабиясының озық тәжірибелеріне талдау жасап, технологияларды Өзбекстан климатына бейімдеу мүмкіндігін қарастырады.

Жарлықта жазылғандай, жоба әлем бойынша дәлелденген бірнеше әдіске негізделе отырып жүзеге асады. Мәселен, бүгінде ұшақтың көмегімен атмосфераға күміс йодидін, құрғақ мұз немесе ас тұзын шашу тәсілі жиі қолданылады.

Аталған элементтер бұлтқа еніп, конденсат көлемін арттырады. Тиісінше, жоғары деңгейдегі ылғалдан ұлғайған тамшылар жаңбыр түрінде түседі. Өзбек тарапы бұл сынақтарға бағытталатын қаражатты Мемлекеттік нысаналы қордан ауды жоспарлап отыр.

Қоса кетсек, бұған дейін Өзбекстан космосқа өз ғарышкерін жіберу үшін дайындыққа кірісетінін жазып едік. Сондай-ақ, Өзбекстан 2028 жылы «Mirzo Ulug’bek» спутнигін ғарыш кеңістігіне шығарады.