Өзбекстан жыл құстарын GPS арқылы бақылай бастады — шетелдегі қазақ баспасөзі

АСТАНА. KAZINFORM — Kazinform шетелдегі қазақ тілінде тарайтын ақпарат көздеріне апталық шолуын ұсынады.

Фото: ӨзА

Қазақстан елшісі түрік азаматтарын көшпенділер ойынына шақырды — TRT

Қазақстанның Түркиядағы өкілетті елшісі Еркебұлан Сәпиев барша түрік азаматтарын Қазақстанда өтетін V Дүниежүзілік Көшпенді ойындарына шақырды.

Бұл туралы осы аптада Түркия Радио Телевизия порталы хабарлады. 

Фото: Астана әкімдігі

Қазақстан елшісі Еркебұлан Сәпиев жазбаша мәлімдемесінде мәдени мұраны қорғау ұлттың болмысын қалыптастыруда және оның болашағын анықтауда өте маңызды екенін білдірген.

«Орталық Азияда аймақтың біздің дәуірімізге дейінгі 3 мың жыл бұрынғы бай және алуан түрлі тарихын ескерсек, бұл ойындар біз үшін Олимпиада сияқты маңызды. Ойындар әлемге көшпелі халықтардың мәдениеті мен тарихын көрсетуге және оларды бауырмалдық сезіммен атап өтуге мүмкіндік береді. Осы орайда Астана көшпелі ата-бабаларымыздың рухымен бірге жанданады. Бұл ұлы оқиға. Көркем астанамызды мәдениеттің, бәсекелестіктің және достықтың жарқын аренасына айналдырады. Мен әсіресе дос және бауырлас Түркия халқын осы мерекеге қатысуға шақырамын», — деген Қазақстан елшісі.

Фото: Әлихан Асқар/Kazinform

Айта кетейік, ойын аясында көкпар, садақ ату, күрес, бүркіт салу сынды дәстүрлі спорт түрлері де болады.

Көшпенді ойындарында спортпен қатар, Қазақстанның дәстүрлі тағамдары мен тұрмыс-тіршілігін көрсететін этноауыл құрылады.

Келушілерге қазақстандық бұйымдар таныстырылып, шеберлер қызықты шеберлік сабақтары арқылы өз құпияларымен бөліседі. Ойын барысында ақындар айтысы да өтеді, деп жазған түркиялық БАҚ.

Фото: worldnomadgames.kz

Сондай-ақ осы аптада TRT-да Астанада маңызды кездесу өтеді деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Қазақстанның елордасы Астанада Орталық Азия елдері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі өтеді.

Бұл туралы түркиялық БАҚ ҚР Президентінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлаған. Атап айтқанда, ел басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев тамыз айының бірінші онкүндігінде жүзеге асыратын жұмыс бағдарламасын жариялады.

Фото: TRT

Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиеев 7-8 тамызда Қазақстанға ресми сапармен келеді, ал 9 тамызда Орталық Азия елдері басшыларының 6-шы консультативтік кездесуі өтетіні айтылды.

Айта кетейік, басшылар ынтымақтастықтың бірқатар өзекті бағыттарын, әсіресе логистика, сауда, экология, энергетика және қауіпсіздікті талқылайды.

Өзбекстанда жыл құстарын GPS арқылы бақылау басталды — ӨзА

Өзбекстанның Экология министрлігінің хабарлауынша, министрлік құрамындағы Қоршаған ортаны және табиғатты қорғау технологиялары ғылыми-зерттеу институты Ғылым академиясының Зоология институтымен бірлесе отырып, GPS бақылау құрылғылары арқылы қоныс аударатын жыртқыш құстарды бақылау жұмыстарын жүргізуде, деп хабарлайды өзбекстандық ӨзА ақпарат агенттігі.  

Сөйтіп Өзбекстанда қоныс аударатын жыртқыш құстарды GPS арқылы бақылау басталған.

«Бұл Өзбекстан мен Қазақстандағы „Орталық Азиядағы жыртқыш құстарды қорғау“ жобасы аясында жүзеге асырылып, құстардың ұшу бағыты, қашықтығы, биіктігі, ұшу жылдамдығы және оларға төнетін қауіп туралы ақпарат алуға мүмкіндік береді. Алынған мәліметтер жыртқыш құстардың өмір салтын жан-жақты зерттеп, оларды сақтау шараларының жоспарын жасауға көмектеседі», деп толықтайды ӨзА.

Халықаралық келісім аясында Болгария, Тәжікстан, Қазақстан және Қырғызстанның халықаралық сарапшылары өзбекстандық мамандарға Орталық Азияның ұшу жолында құстарды бақылау құрылғыларын дұрыс орнату және оларға төнетін қауіптерді анықтау үшін деректерді өңдеу бойынша семинарлар мен тренингтер өткізуде.

Сондай-ақ, осы аптада «ӨзА» агенттігінде Самарқандта ғибадатхана мен қабырға суреттері табылды деген тақырыптағы ақпарат жарияланды.

Фото: ӨзА

Өзбекстанадық БАҚ-тың дерегінше, Самарқанд археологиялық институтының қызметкерлері облыстың «Қорғантөбе» ескерткішінен VII–VIII ғасырларға тән ғибадатхана мен қабырға суреттерінің орнын тапқан. Қазір қазба жұмыстары жүріп жатыр.

Айта кету керек, археология институтының мәліметінше, мамандар мұнда 2022 жылдан бері археологиялық зерттеулер жүргізіп келеді. Табылған ғибадатхананың орны тікбұрышты пішінді, қабырғаларының сақталған биіктігі 3 метр. Бөлмеге 5 есік арқылы кіруге болады. Оның төрінде тақ, төрт жағында бағаналар бар.

«Бөлменің қабырғалары діни тақырыптағы картиналармен безендірілген, ондағы бейнелер арасында құлағы мен қолдары ою-өрнекке толы құдай бейнесі бар. Оның басында қанатты, жарты ай тәріздес үстіңгі тәждің кескіні бейнеленген» деп жазады ӨзА агенттігі.

Бейжің шетелдіктерге арналған Beijing pass-ты шығарады — Халық газеті

Жазғы демалыста Бейжіңнің көрікті орындарын тамашалайтын шетелдік туристер саны айтарлықтай артты. Шетелдік жолаушылардың саяхаттауын қолайлы ету мақсатында Бейжің бір картамен барлық жерге баратын халықаралық Beijing pass картасын шығаруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды Қытайдың Халық газеті

Фото: Xinhua

Аталған БАҚ-тың келтірген дерегіне сүйенсек, Осыған байланысты Бейжің метро станциялары сынақ жүргізіп жатыр. Болашақта шетелдіктер Beijing pass картасын пайдаланып, Бейжіңде қатынас құралдарына отыра алады.

Атап айтқанда, шетелдік жолаушылардың метроға жол ақысын төлеу ыңғайлылығын арттыру мақсатында 1 маусымнан басталған Бейжің метросының қарамағындағы 17 желіде POS машиналарын орнату аяқталды.

Шетелдік жолаушылар POS машиналары арқылы халықаралық банк карталарымен төлем жасап, билет сатып ала алады.

Сонымен қатар осы аптада «Халық газеті» басылымында Қытай ғалымдары алғаш рет ай топырағынан молекулалық су тапты деген тақырыптағы ақпарат жарық көрді.  

Фото: kaz.people.cn

Қытайлық БАҚ-тың мәліметінше, Қытай Ғылым академиясының жақындағы мәліметінше, елдің ғылыми-зерттеу тобы «Чанъэ-6» әкелген ай топырағынан су молекулалары мен аммонийге бай белгісіз минералды кристалл бар екенін анықтаған.

Осылайша ғалымдардың айдан әкелінген топырақтан молекулалық суды алғаш рет тауып отыр.

Бұл ай эволюциясын зерттеу үшін үлкен маңызға ие және адамның ай ресурстарын дамыту мен пайдалануына көбірек мүмкіндіктер береді, деп жазды қытайлық басылым.

Ежелгі Иран әлемге ұсынған су басқару өнері — Parstoday

Қанат қазу — ежелгі ирандықтар ойлап тапқан жер асты суларын пайдаланудың бір тәсілі. Бұл құрылыс Ирандағы көне өркениет адамдарының ақылы мен қабілетін көрсетеді. Иранда салынған қанаттар — жер асты құрылғылары. Ол суы аз немесе тапшы жерлерде қолданылған, деп хабарлады Иранның Parstoday ақпарат агенттігі.

Фото: Parstoday

Аталған басылымның дерегінше, ұзақ жылдар бойы бұл тәсіл көптеген елдерде сумен қамтамасыз ету үшін пайдаланылды. Тарихи құжаттар көрсеткендей, қанат салу технологиясы Ираннан шығып біртіндеп әлемнің басқа аймақтарына таралған. 

Атап айтқанда, шығыста мұның үлгілерін Ауғанстан, Үндістан және Қытай сияқты елдерден, батыста Солтүстік Африка елдері, соның ішінде Марокко, Алжир, Ливиядан көруге болады.

Фото: Parstoday

Ирандық басылым ары қарай «Қанат деген не? Қалай салынады?» және «Ирандық қанаттардың әлемдік мұра тізіміне тіркелуі» деген тақырыптар бойынша толықтай түсіндірген.