Өзбекстан басшысы жаңа тарихи дәуірге аяқ басқан уақытта ата-баба салған сара жолдан жаңылмай, олардың еңбегін тиісті деңгейде бағалау, бай мұрасын зерттеу және дәріптеу негізгі міндет екенін атап өтті.
«Конференцияның негізгі тақырыбы — біздің ағартушы ата-бабаларымыздың прогрессивті идеялары мен көзқарастарын зерттеу және жүйелеу. Сондай-ақ, Түркістан жадидтерінің ұлттық мемлекеттіліктің даму сатысындағы рөлі мен әсерін зерттеу ерекше маңызға ие», — деді Шавкат Мирзиёев.
Президент атап өткендей, бүгінде Өзбекстанда халық бостандығы мен отанның өркендеуі үшін өз өмірін қиған ата-бабаларды еске алуға, олардың қызметі мен мұрасын өзге қырынан зерттеуге ерекше назар аударылады.
«Соңғы жылдары Өзбекстанның Жоғарғы соты тоталитарлық режим қуғын-сүргінінің құрбаны болған 1030-дан астам отандасты ақтады. Бұл тарихи әділеттілікті орнату жолындағы тағы бір қадам болды», — деп атап өтті президент.
Өзбекстан басшысы 31 тамыз елде қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні ретінде кеңінен аталып өтетінін еске салды.
«Махаллада қуғын-сүргін құрбандарын еске алу бұрыштарын және онда еске алу кітаптарын ашу, 100-ге жуық қуғын-сүргін құрбандары мен жадидтердің өмірі мен қызметіне арналған жинақтарды жыл сайын дайындау және басып шығару көзделген. Осы маңызды тақырыпқа байланысты мұрағат құжаттарына қолжетімділікті кеңейту, мақсатты ғылыми-зерттеу жұмыстарын жүргізуге грант бөлу, жаңа көркем және публицистикалық туындылар жасау бойынша шаралар қабылданып жатыр», — деп түйіндеді Шавкат Мирзиёев.