ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстандағы жалпы саны 34,5 мың құрылыс компаниясының 10,9 мыңы есеп құжаттарында кәсіпорында тек 1 қызметкер жұмыс істейді деп көрсеткен. Бұл туралы кәсіпкерлерге арналған семинар барысында сауда-өнеркәсіп палатасының төрағасы Даврон Вахабов айтты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Даврон Вахабовтың мәлімдеуінше, 4,1 мың компания тек 2 құрылысшысы бар екенін көрсетсе, 5,5 мың компания 4-10 маман ресми қызметпен қамтылғанын алға тартқан.
Ал былтыр өзбекстандық құрылыс компаниялары жалпы сомасы 150 трлн сумға бағаланған объектілерді салған.
Оның ішінде нысандардың 70%-дан астамы — тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар.
Палата төрағасы атап өткендей, бүгінде құрылыс саласында 417 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылған.
Қоса кетсек, таяуда Өзбекстан президенті саладағы олқылықтардың салдарынан құрылыста 50 трлн сум ($4 млрд) көлеңкеде қалып отырғанын мәлімдеген болатын.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.