Өзбекстанда 2011 жылға арналған инвестициялық бағдарлама қабылданды

ТАШКЕНТ. 10 қаңтар. ҚазАқпарат /Құрмат Самархан/ - Өзбекстан Республикасының Президенті Ислам Каримов 2011 жылға арналған республиканың инвестициялық бағдарламасын мақұлдады, деп жазады Өзбекстанның бұқаралық ақпарат құралдары.

Атап айтқанда, Өзбекстан басшысы мемлекеттік бюджет есебінен 2011 жылға арналған орталықтандырылған капитал салымдарының, суармалы жерлерді жақсарту жөніндегі жер өңдеу қорының, бюджеттен тыс Республикалық жол қорының мөлшерлерін, сондай-ақ қайта жаңғырту қорының есебінен білім беру мекемелерін жаңарту, күрделі жөндеуден өткізу мен жабдықтау бағдарламасын бекітті.

Сонымен қатар И.Каримов қазір жұмыс істеп тұрған өндірістерді қайта жаңғыртуға бағытталған бірқатар атаулы бағдарламаларды да мақұлдады.

Баспасөз құралдарының мәлім еткеніндей, инвестициялық бағдарламаның тағы бір бағыты - шетелдік инвестицияларды тарту болмақ. Өзбекстан Президенті тікелей шетелдік инвестициялар мен несиелерді тарта отырып, үкіметтің кепілі аясындағы жүзеге асырылатын 2011 жылдағы атаулы инвестициялық бағдарлама мен ағымдағы жылы атқарылатын жұмыстарға басымдық беретін инвестициялық ұсыныстардың жиынтық тізімін мақұлдады.