Қазақстандағы Өзбекстан Елшілігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, экспорт 11,6 пайызға ұлғайып, оның құрылымы мен шетке шығатын өнімдердің сапасы айтарлықтай артқан. Мәселен шикізаттық емес дайын өнімдердің үлесі 70 пайыздан жоғарылап отыр. Ал сыртқы тауар айналымының көлеміндегі жағымды сальдо 1 млрд. 120 млн. доллардан асты. Инфляция деңгейі 7 пайыздан асқан жоқ. Мемлекеттік бюджет шығындарының 59,2 пайызға жуығы әлеуметтік салаларды қаржыландыруға бағытталған. Атап айтқанда, білім саласына 34 пайыздан астамы, 14,5 пайыздан астамы денсаулық сақтауға жұмсалған. Бірінші қаңтардағы мәлімет бойынша, елдің жинақталған сыртқы қарызы жалпы ішкі өнімнің 16 пайызынан аспайды. Өткен жылы банк жүйесінің жинақталған капиталы 24,3 пайызға өсіп, капиталдың жеткіліктілік деңгейі 24 пайызды құрады. Бұл жалпы қабылданған халықаралық стандарттан 3 есе жоғары. Банк жүйесінің өтімділігі де 65 пайызды құрап, талап етілетін төменгі деңгейден 2 еседен астамға ұлғайған. Экономиканың нақты секторына берілген кредиттер көлемі алдыңғы жылмен салстырғанда 1,3 есе өссе, оның 76 пайызы 3 жылдан астам мерзімге берілген ұзақ мерзімдік кредиттер болып отыр. Негізгі капиталдағы инвестиция көлемі жалпы ішкі өнімнің 22,9 пайызын құраған. 11,7 млрд. доллардың отандық және шетелдік инвестициясы тартылып, 2011 жылмен салыстырғанда 14 пайыздық өсім тіркеліп отыр. Барлық инвестицияның 22 пайыздан астамы немесе 2,6 млрд. доллары шетелдік. Сондай-ақ, оның 79 пайыздан астамы тікелей шетелдік инвестиция. Жалпы инвестицияның 74 пайызы өндірістік құрылысқа бағытталды.
12:16, 28 Қаңтар 2013
Өзбекстанда 2012 жылы ЖІӨ өсімі 8,2 пайызды құрады
АЛМАТЫ. 28 қаңтар. ҚазАқпарат - Өзбекстанда 2012 жылы өнеркәсіп өндірісінің көлемі - 7,7, ауыл шаруашылығы - 7, бөлшек тауар айналымы 3,9 пайызға өсті.