Өзбекстанда 3 мың метр тереңдіктен табиғи газ қоры анықталды

АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстанның Қашқадария облысында барлау бұрғылау жұмыстары кезінде табиғи газдың жаңа қоры анықталды. Алдын ала болжам бойынша, ұңғымадан тәулігіне 300 мың текше метрге дейін газ өндіруге болады. Бұл туралы Trend хабарлайды.

Фото: Trend

«Өзбекмұнайгаз» компаниясының мәліметінше, газ бірнеше онжылдықтан бері игеріліп келе жатқан Құлтақ кен орнынан табылған.

Табиғи газ №39R барлау ұңғымасынан шамамен 3 шақырым тереңдікте анықталды. Бұрғылау жұмыстары 2026 жылғы 1 қыркүйекте басталған. Сынақ барысында газ қоры болуы мүмкін қабат табылған.

Құлтақ кен орны 1963 жылы ашылған. Мұнда өнеркәсіптік газ өндіру 1978 жылдан бері жүргізіліп келеді. Кен орны ұзақ уақыттан бері пайдаланылып келе жатқанына қарамастан, геологтар табиғи газ өндірудің қосымша мүмкіндіктерін анықтаған.

Қазір мамандар газ қорының сипаттамаларын зерттеп жатыр. Зерттеу жұмыстары аяқталғаннан кейін ұңғыманың алдын ала бағаланған өнімділігі нақтылануы мүмкін.

Кен орнындағы барлау жұмыстары жалғасып жатыр. Жаңа ұңғымадан бөлек, тағы екі учаскеде жұмыс жүргізілуде. Жыл соңына дейін келесі ұңғыманы бұрғылау жоспарланған.

Бұған дейін Қазақстанда сұйытылған газ бағасын 2027 жылы қазіргі деңгейде сақтау жоспарланып отырғаны хабарланған.