Өзбекстанда 30 миллионға жуық адам халық санағынан өтті

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанда жүргізіліп жатқан халық санағының алғашқы кезеңінде 30 миллионға жуық адам тіркеуден өтті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Халық санағының бірінші кезеңі 15-31 қаңтар аралығында жүргізілді. Бұл процесс екі әдіс арқылы жүзеге асады: бірі — деректерді онлайн жинақтау, екіншісі — үй аралау.

17 күнге жалғасқан онлайн форматтағы санақ барысында 29,9 миллионнан астам адам мен республикадағы барлық үй шаруашылықтарының 82%-ы есепке алынды.

Енді 4-28 ақпан аралығында санақтың екінші кезеңі жүргізіледі. Бұл жағдайда статистика органдарының қызметкерлері үй аралап, тіркеуден өтпеген тұрғындар туралы деректерді базаға енгізеді.

Санақ нәтижесінде 38 млн халықтың құрамы, тұрғындардың отбасылық жағдайы, қызметі мен табыс көздері туралы бірыңғай деректер базасы құрылады.

Еске салайық, Өзбекстанда халық санағы 1989 жылдан бері жүргізілмеген. Пандемияға байланысты ол 2022 жылдан 2023 жылдың қарашасына ауыстырылды, кейін 2026-2027 жылдарға шегерілді.

Ұлттық статистика комитетінің 2 ақпандағы мәліметіне сай, Өзбекстандағы тұрақты халық саны 38 292 377 адам.

Сондай-ақ, бүгін Қазақстан халқының саны бойынша жаңартылған деректер жарияланды.