Өзбекстанда 84 елдің делегациясы қатысатын инвестициялық форум өтеді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 2-3 мамыр аралығында өтетін III Ташкент халықаралық инвестициялық форумына дайындық барысымен танысты, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.

Фото: Ташкент қаласы әкімшілігі

Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, 2022 жылы алғаш рет өткен бұл форумға 56 елден келген 1 мыңнан астам шетелдік қонақ катысқан болатын.

Биыл оған 84 мемлекеттен 2500-ге жуық делегат келеді деп күтілуде. Олардың ішінде шет елдердің үкімет мүшелері, ірі компаниялардың басшылары, сондай-ақ БҰҰ, ШЫҰ, ОПЕК, Еуропалық қайта құру және даму банкі сияқты халықаралық ұйымдардың өкілдері болады.

Бағдарламаға сай, форум аясында 40-тан астам шара, атап айтқанда үкіметаралық комиссиялардың отырысы және Өзбекстандағы бірқатар жобаны іске қосу рәсімі өтеді.

Сонымен қатар, 3 мамырда Өзбекстан президенті жанындағы Шетелдік инвесторлар кеңесінің екінші пленарлық сессиясы өтеді.

Айта кетейік, Ташкент халықаралық инвестициялық форумы Өзбекстанның экономикалық мүмкіндігін көрсетіп, соның негізінде инвестициялық келісімдер жасауға арналған алаң саналады.