Осындай тағылымды шаралардың бірі Науаи облысы, Үшқұдық ауданына қарасты, әйгілі Шәмші әніне қосқан Мыңбұлақ ауылындағы мектепте өтті. Оқушылар ақын шығармашылығын кеңінен насихаттап, оның өнегелі өмір жолын тереңірек тануға мүмкіндік алды.
– Абай – тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі дүниесінің рухани шамшырағы. Өзбек жұртшылығы да оны терең құрметтейді. Абайдың даналық сөзі, адамгершілікке үндеген ілімі – бүгінгі заманмен үндесіп жатыр, - деді облыстық мәдени орталық басшысы Серіжан Жанахметов.
Үшқұдық ауданына қарасты Мыңбұлақ ауылында Ұлы ақынның 180 жылдығына орай «Абай – дана, Абай – дара» атты жыр бәйгесі өтті. Сайысқа аудандағы қазақ тілінде білім беретін бес мектептен оқушылар қатысты.
Мыңбұлақтағы №11 мектеп директоры Ерлан Қонарбаевтың айтуынша, бұл бастама жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелеуге, Абай ілімін насихаттап, сөз өнеріне, терең ой мен парасатқа баулуға бағытталған.
– Абай – қазақ руханиятының алтын діңгегі. Оның әрбір сөзі – өмірлік тағылым. Балалардың ақын мұрасын құр жаттап қана қоймай, жүрекпен ұғына білгені маңызды, - деді мектеп директоры.
Мәдени-танымдық іс-шара барысында «Бала дауысы» атты ән-байқауы да өткізіліп, Абайдың әндері шырқалды.
Сонымен қатар аудандық деңгейде футбол жарысы ұйымдастырылып, 9 мектеп командалары арасында мықтылар анықталды.
Айта кетейік, Өзбекстан мектептерінде Абай шығармалары өзбек тіліне аударылып, оқу бағдарламасына енгізілген. Бұл – жас ұрпақтың қос халықтың ортақ рухани қазыналарын терең ұғынуына үлкен жол ашып отыр.
Бұған дейін Өзбекстанда Ұлы Абайдың 180 жылдығы кең ауқымда аталып өтетінін жазған едік.