ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан парламентінің төменгі палатасы Әкімшілік жауапкершілік кодексіне түзету енгізу ұсынысын мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзгеріске сай, интернетте, оның ішінде әлеуметтік желілерде бейәдеп сөздерді қолданып, азаматтардың ар-намысын қорлайтын әрекетке барғандар енді әкімшілік жауапқа тартылады. Атап айтқанда, оларға айыппұл салу немесе 10 тәулікке қамау шарасы қарастырылған.
— Бұл норма қоғамдық тәртіп пен азаматтардың тыныштығын қамтамасыз етуге бағытталған — делінген Заң шығару палатасының баспасөз қызметі тартқан хабарламада.
Қоса кетсек, былтыр Өзбекстанда букмекерлік кеңселердің қызметін насихаттаған 70-ге жуық сайт бұғатталды.
Сондай-ақ, өзбекстандықтар алаяқтар рәсімдеген несиелерді төлеуден босатылмақ.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.