Өзбекстанда әншілер концерт жарнамасында фонограмма қолданатынын көрсетуге міндеттелді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев концерттерде фонограмманы қолдануды реттейтін заңға қол қойды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Фото: pexels.com

Әділет министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, құжат концерттерде түрлі деңгейде қолданылуы мүмкін фонограмманың ережелерін қамтиды.

Заңға сай, енді музыкалық шығарманы орындау үш деңгей бойынша бағаланады:

- жанды дауыс;

- ішінара фонограмма қолдану;

- толық фонограмма қолдану.

Сонымен қатар, концерт жарнамасында әнші фонограммамен ән салатынын көрсетуі тиіс. Бұл талаптар орындалмаған жайғдайда әртіске айыппұл салынуы мүмкін.

Еске салайық, Қырғызстанда 2023 жылдан бастап фонограммамен ән айтуға тыйым салынды.

Бұған дейін Мәжіліс депутаты Мақсат Толықбаев министрлік фонограммаға тыйым салуды қолдамай отырғанын мәлімдеді. Оның айтуынша, фонограммамен ән салған жағдайда алдымен тыңдарманға ескерту керек.