Өзбекстанда асыл тұқымды мал импорттаушылар 2029 жылға дейін салықтан босатылады

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев азық-түлік қауіпсіздігі және мал шаруашылығын қолдау шараларын жетілдіру бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Kazinform

Өзбекстан 2030 жылға қарай азық-түлік экспортын 10 млрд долларға дейін жеткізуге ниетті. Ол үшін саланы халықаралық стандартқа сәйкестендіру жұмысы жүргізілмек.

Сонымен бірге белсенді фермерлердің рейтингісін жасақтау жоспарланған. Оның аясында 2027 жылдың 1 наурызына дейін азық-түлік қауіпсіздігі бойынша бірыңғай автоматтандырылған ақпараттық платформа іске қосылады. Ол экспорттаушыларды артық қағазбастылықтан арылтып, шекара бекеттерінен «Бір терезе» қағидасымен өтуге жағдай жасайды.

Бұған қоса кеңесте мал шаруашылығын дамыту мәселелері де қаралды. Көршілес елде 16 млн гектар жайылым жер бар, дегенмен бүгінде оның 10 пайызы ғана пайдаланылып отыр.

Осыған байланысты Ауыл шаруашылығы министрлігіне қарасты Мал шаруашылығы және жайылымдарды дамыту агенттігі құрылады. Ведомство алдына ірі қара мал басын 16,5 миллионға, қой мен ешкіні 30 миллионға жеткізу міндеті қойылды.

Тиісінше, 1 маусымнан бастап коммерциялық банктер шаруаларға жылдық 10 пайызбен 10 жылға дейін несие береді. Ал асыл тұқымды мал импорттаушылар 2029 жылға дейін қосылған құн салығынан босатылады.

Еске салайық, Өзбекстан ірі қара мал өсіру үшін Беларусьтен жерді жалға алады.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, әуе кемесімен елге ет тасымалдайтын өзбекстандық компаниялардың 50% шығыны енді мемлекет есебінен өтеледі.

Сондай-ақ, Өзбекстан 2027 жылға дейін Моңғолиядан 100 мың бас ұсақ мал сатып алуға ниетті.