Өзбекстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға ЖОО-да қашықтан оқу мүмкіндігі ұсынылмақ

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев елдің қорғаныс қабілетін нығайту және әскери қызметшілерді қолдау мәселелері бойынша кеңес өткізді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі. 

Фото: Gazeta.uz

Жиналыста мәлім болғандай, 2026-2027 оқу жылынан бастап мерзімді әскери қызметтегі сарбаздар үшін бірқатар жеңілдік енгізіледі. Оларға жоғары оқу орындарына түсуге және Отан алдындағы борышын өтеу барысында қашықтан білім алуға мүмкіндік беріледі. Ол үшін әскери бөлімдерде дайындық курстары ұйымдастырылады.

Сондай-ақ, ақылы негізінде оқитын сарбаздарға пайызсыз несие ұсынылады. Университеттерге түскендер әскери кафедра студенттерімен теңестіріліп, оқуын тәмамдағаннан кейін «запастағы лейтенант» әскери атағын алады.

Ал ерекше көзге түскен сарбаздар, яғни түрлі сайыстар мен олимпиадаларда жүлделі орынға ие болған жастар жоғары оқу орындарына емтихансыз қабылданады.

Еске салайық, 4 наурызда Өзбекстан президенті жауапты министрлікке елдің қорғаныс әлеуетін нығайтуды тапсырған еді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Өзбекстанда енді шетелдегі қарулы қақтығыстарды жарнамалағандар жауапқа тартылады.