ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда барлық газ құю станцияларының жұмысына уақытша шектеу енгізіледі, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстанның Энергетика министрлігінен мәлімдегендей, күн күрт салқындап, салдарынан магистральдық газ құбырларындағы қысым төмендеген.
«Үйлер мен әлеуметтік объектілерді табиғи газбен қамтамасыз ету мақсатында республикада автогаз құю станцияларының жұмысына қысқа мерзімді шектеулер енгізіледі», - делінген министрліктің хабарламасында.
Ведомство ақпаратына сай, газ құю бекеттеріндегі жағдайды ескере отырып, барлық жанармай станцияларына жеткізілетін бензин көлемі ұлғаяды.
Еске сала кетейік, былтыр да Өзбекстандағы газ құю станцияларының жұмыс уақытына шектеу енгізілген еді.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.