Өзбекстанда бесем дүниеге келді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — 6 шілдеде Өзбекстанның Әндіжан қаласындағы № 2 перзентханада бесем дүниеге келді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Фото: Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі

Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, кеше Әндіжан қаласындағы «Қайрағочтош» махалласының тұрғыны Наргиз Бекжонова перзентханаға жатқызылып, оған кесір тілігі жасалды.

Босану білікті акушер-гинеколог, неонатолог және реаниматологтардың бақылауымен сәтті өтті. Сәбилердің үшеуі — қыз, екеуі — ұл.

Фото: Өзбекстанның Денсаулық сақтау министрлігі

Кейін ана мен сәбилер Ана мен бала денсаулығын қорғау республикалық мамандандырылған ғылыми-практикалық медициналық орталығының Әндіжан облыстық филиалына ауыстырылды.

— Қазіргі уақытта сәбилер мен анасының денсаулығы жақсы. Олар білікті медицина қызметкерлерінің бақылауында, — делінген ведомствоның баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Еске салайық, таяуда Қытайдың Ухань қаласындағы перзентханалардың бірінде 24 жастағы Дилхумар Мәметжан өмірге бесем әкелгенін жазып едік.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, былтыр Ташкентте төртем дүниеге келді.