ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Жыл басынан бері Өзбекстанда доллардың ресми бағамы ең жоғары тарихи көрсеткішті екі рет жаңартып, бүгін 12 500 сумнан асып түсті, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Өзбекстанның Орталық банкінен мәлім еткендей, бүгінде қор биржасындағы доллар бағамы ең жоғары деңгейге жетті.
Яғни, елдің қаржы реттеуші органы АҚШ валютасының ресми бағамын 12 508 сум деңгейінде белгіледі.
Бейсенбі күні коммерциялық банктерде бір доллар 12 435 — 12 450 сум бағамы бойынша сатып алынса, сату курсы 12 495 — 12 560 сум аралығында болды.
Бұған дейін доллардың сумға қатысты ең жоғары бағамы былтыр тамызда тіркелген еді.
Онда баға бірден 408 сумға көтеріліп, 12 мың сумнан асқан. Биыл қаңтарда бұл көрсеткіш тағы да жаңарды.
Айта кетейік, өткен жылдың қорытындысы бойынша Өзбекстанның ұлттық валютасы 9,7%-ға құнсызданды.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.