Өзбекстанда электромобильді қуаттау үшін электр энергиясына төмендетілген түнгі тариф енгізілмек
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда электромобильдерді үйде қуаттауға ынталандыру мақсатында электр энергиясына төмендетілген түнгі тарифтер енгізу жоспарлануда.
Бұл туралы президент Шавкат Мирзиёевтің төрағалығымен өткен кеңесте айтылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Жиналыста Өзбекстан басшысы кейінгі 3 жылда Өзбекстанда электромобиль саны 10 есе өсіп, 35 мыңға жеткенін атап өтті. Осы ретте ол елдің энергия жүйесін дамыту жоспарын әзірлеу кезінде жаңа қуаттау құрылғыларын есепке алуды тапсырды.
Осыған байланысты көшелерде және көп пәтерлі үйлердің жанында 22 кВт-қа дейін, жеке үйлерде 7 кВт-қа дейін зарядтау станцияларын орнатуға болатындығы айтылды.
Мемлекеттік орган, сауда орталықтары, қонақ үй және демалыс орындарының автотұрақтарында қуаттау станцияларын көбірек орнату жоспарланған.