Өзбекстанда энергия ресурстарын заңсыз пайдалану әрекеттері тыйылмай тұр

Фото: «Өзэнергоинспекция» мемлекеттік мекемесі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Мамыр айында Өзбекстанда жүргізілген тексеріс барысында энергия ресурстарын заңсыз пайдаланудың 229 фактісі анықталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

«Өзэнергоинспекцияның» ақпаратына сәйкес, өзбекстандықтардың мұндай әрекетінен болған шығын – 94,8 млрд сум (шамамен $7,4 млн).

Қамтылып отырған аралықта 13,2 млн текше метр көгілдір отын заңсыз пайдаланылып, салдарынан 36,9 млрд сум ($2,9 млн) залал келді.

Сонымен қатар электр энергиясы жүйесіне заңсыз қосылған тұрғындар мемлекетке 57,9 млрд сум ($4,5 млн) шығын келтірді.

Анықталған фактілер негізінде 448 әкімшілік хаттама толтырылды. Толық мән-жайды анықтау үшін іске қатысты барлық материал құқық қорғау органдарына жолданды.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, бір аптада өзбекстандықтар 2,9 млн доллардың газы мен электр қуатын заңсыз пайдаланған. Ал былтыр энергетикалық ресурстарды заңсыз пайдаланған тұрғындар мемлекетке $108 млн шығын келтірген еді.