16:59, 08 Сәуір 2009
Өзбекстанда еркін күрестен Тәуелсіздік кубогы турнирі өтеді
АЛМАТЫ. Сәуірдің 8-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Ташкентте сәуірдің 15-17 күндері «Өзбекстан Тәуелсіздігі кубогы» үшін еркін күрестен халықаралық Гран-при турнирі өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.Ұлттық құраманың аға бапкері Бауыржан Нұрмахановтың айтуынша, екі жұмадан кейін Тайландта Азия чемпионаты өтетіндіктен, Өзбекстан астанасындағы бұл байрақты бәсекеге ұлттық команда толық құрамда қатыспайды. Өйткені қазіргі таңда ұлттық құраманың мүшелері дайындықтарын өз облыстарында жүргізіп жатыр. Оларға бұл турнирге қатысу туралы команда басшылығы тарапынан ешқандай талап қойылып жатқан жоқ. Сондықтан бұл дүбірлі додаға баратындар өздерінің жеке қаражатына немесе жергілікті әкімшіліктің қолдауымен қатыспақ. Сол себепті онда негізінен Алматы, Ақтөбе және Шымкент қалаларының балуандары бақ сынайды деп жоспарлануда. Олар көрші елге сәуірдің 16-сында аттанбақ. Ал одан кейін ұлттық құраманың мүшелері соңғы дайындықтарын пысықтау үшін Талдықорғанда бас қосып, мамырдың 2-5 күндері Тайландтың Паттайя қаласында болатын Азия чемпионатында ел намысын қорғайтын болады.