Жыр додасы жергілікті қазақ мәдени орталығының қолдауымен ұйымдастырылды. Айтысқа Қазақстан, Қырғызстан және Өзбекстаннан барлығы 10 ақын қатысты.
«Айтыс жоғары деңгейде өтті. Бәріне рақмет! Жаңа жыл бәрімізге табыс әкелсін. Еліміз, жұртымыз тыныш болсын!», - деді айтыс тамашалауға келген Ташкент қаласының тұрғыны Санабат Сапарбекова.
Ақындар айтысы 60 жылдан бері жергілікті телеарна эфирінен көрсетіліп келе жатқан «Замандас-Дидар» бағдарламасының мерейтойына орайластырылды. Шығармашылық ұжым Өзбекстанның түкпір-түкпірін аралап, қандастардың тыныс-тіршілігін баяндайды.
«Көрші қонған ауыл адамдарын ерекше сыйлаған халықпыз. Сол игі дәстүрдің жалғасына тағы куә болды. Қазақстан, Қырғызстанның өнер иелері Өзбекстанның өнерпаздарымен бірге достасып, бір-бірлерін қолдап, осы «Замандас-Дидарды» жырлап жатыр. Бүгінгі күні Қазақстан мен Өзбекстанның арасындағы жетістіктің бәрі сыйластықтың арқасы», - деп мәлім етті «Замандас-Дидар» бағдарламасының аға редакторы Анар Нәлібаева.
Жыр бәйгесі 4 сағатқа созылды. Шешуші сында қазақстандық Нұрлан Есенқұлов пен өзбекстандық қандас Талғат Орынбеков кездесіп, Н.Есенқұлов басым түсті. Қырғызстан және Қарақалпақстан атынан сынға түскендер де жүлде еншіледі.
Айта кетейік, жалпы саны 10 ақын қатысқан айтыстың бас жүлдесіне 10 млн сум (400 мың теңге) тігілді, ал жалпы жүлде қоры 1 млн теңгеге жуықтады.