Өзбекстанда IT компанияларға бос тұрған ғимараттардан тегін орын берілмек
Келер жылы Өзбекстан IT-қызметтердің көлемін - 20 трлн сум (1,6 млрд доллар), ал оның экспортын 800 млн долларға дейін ұлғайтады. Республикадағы цифрландыру мәселелері талқыланған кеңесте президент Шавкат Мирзиёев жауапты органдарға осындай міндет жүктеді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан басшысының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, кеңесте министрліктер мен түрлі салалардағы цифрландырудың жай-күйі талқыланған. Бұл ретте президент Шавкат Мирзиёев экономикадағы шығындарды тек цифрландыру есебінен төмендетуге болатынын атап өтті.
«Цифрландырудан бас тартқан басшы - сыбайлас жемқорлықты жоюға ұмтылмайтын жетекші», - деді Шавкат Мирзиёев.
Сондай-ақ кеңесте Өзбекстан басшысы саланы дамыту үшін қосымша жағдай жасау керектігіне тоқталды. Оған сай, алдағы уақытта өңірлерде пайдаланылмай бос тұрған ғимараттардан IT-компанияларға 1 жыл мерзімге тегін орын беріледі. Дарынды мамандарға компьютер мен жабдықтар жылдық бөліп төлеу шартымен ұсынылады. Бұған қоса құрамында 50-ден астам IT-маманы бар компанияларға жыл бойы жалақы шығындарының 15 пайызына дейін өтемақы төленбек.
Айта кетейік, биыл Өзбекстанда білім беру, банк, қаржы, кеден, ауыл шаруашылығы, геология сияқты салаларды цифрлық трансформациялау шеңберінде 100 жоба әзірленген. Мұнымен қатар 500-ден астам жаңа IT-компания құрылып, аталған секторға 475 млн доллар тікелей шетелдік инвестиция тартылды. Жыл соңына дейін саланың қызмет көрсету көлемі 10 трлн сумға (808,2 млн доллар) жетеді және олардың экспорты 300 млн доллардан асады деп жоспарланған.
Кеңес барысында интернеттің жылдамдығына қатысты да мәселелер қозғалады. Мысалы, халықаралық магистральдық автожолдардың 20 пайызы мобильді интернетпен қамтылмаған. Сондықтан бұл іске шетелдік инвесторларды тарту міндеті қойылды.