Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ұлттық статистика комитетінің 1 маусымдағы есебіне сай, Өзбекстанда шетелдік капиталмен 19 921 компания жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Коллаж: Kazinform

Көршілес елде қытайлық кәсіпорындардың үлесі басым. Мамырдан бері олардың қатары 206-ға көбейіп, жалпы саны 5 821-ге жетті.

Одан кейін 3 349 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда жалпы саны 2 237 кәсіпорын құрған.

Сонымен қатар қазақстандық инвесторлардың да белсендігілі байқалады. Атап айтқанда, мамырдан маусымға дейін, яғни бір айда біздің ел Өзбекстанда 24 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 283-ке теңелді.

Еске салайық, биыл төрт айда 935 мыңнан астам қазақстандық демалысын Өзбекстанда өткізген.

Сонымен қатар алғашқы тоқсанда Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1,3 млрд долларға жетті.