Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді

Коллаж: Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Жарты жыл ішінде Өзбекстанда шетелдік капиталмен жұмыс істейтін 1800-ден астам жаңа кәсіпорын құрылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.

Ұлттық статистика комитетінің 1 шілдедегі дерегіне сай, Өзбекстанда шетелдік капиталмен 16 685 компания жұмыс істеп тұр.

Бұл ретте қытайлық кәсіпорындардың үлесі басым. 6 айда олардың қатары 835-ге көбейіп, жалпы саны 4 192-ге жетті.

Одан кейін 3 098 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда 2 007кәсіпорын құрған.

Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлардың да белсендігілі байқалады. Атап айтқанда, жарты жылдың ішінде біздің ел Өзбекстанда 116 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 157-ге теңелді.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығы салынуы ықтимал.

Бұған қоса, биыл алғашқы 5 айдың қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды. Қамтылып отырған кезеңде ресми Ташкент Астанға 518,8 млн доллардың тауарын экспорттап, 1,2 млрд доллардан астам сомаға өнім импорттаған.