Өзбекстанда қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар қатары көбейді

Фото: Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ұлттық статистика комитетінің 1 ақпандағы дерегіне сай, Өзбекстанда шетелдік капиталмен 18 513 компания жұмыс істеп тұр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.

Көршілес елде қытайлық кәсіпорындардың үлесі басым. Екі ай ішінде олардың қатары 345-ке көбейіп, жалпы саны 5 218-ге жетті.

Одан кейін 3 190 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда 2 149 кәсіпорын құрған.

Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлардың да белсендігілі байқалады. Атап айтқанда, былтыр желтоқсаннан биыл ақпанға дейін біздің ел Өзбекстанда 22 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 221-ге теңелді.

Еске салайық, былтыр Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 5 млрд долларға жуықтады.

Мұнымен бірге, биыл қаңтарда 88 мыңнан астам қазақстандық Өзбекстанға саяхаттап барған.

Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстанда тіркелген көліктердің Өзбекстанда жүру мерзімі енді 6 айға дейін ұзартылуы мүмкін.