Өзбекстанда кешіккен пойыздардың жолаушыларына өтемақы төленуі мүмкін

ТАШКЕНТ. KAZINFORM — Өзбекстанда кешіккен пойыздардың жолаушыларына өтемақы төлеу механизімі енгізілмек. Тиісті заң жобасын елдің Көлік министрлігі әзірлеп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі. 

Фото: Өзбекстанның Көлік министрлігі

Өтемақы тасымалдаушының кінәсіне байланысты кешіктірілген пойыздардың жолаушыларына беріледі. Жобаға сәйкес, азаматтарға қайтарылатын соманы төмендегідей бекіту ұсынылады:

— 15 минуттан 30 минутқа дейін кешіктірілген жағдайда билет құнының 15%-ы өтеледі;

— 31 минуттан 60 минутқа дейін — 25%;

— 61 минуттан 120 минутқа дейін — 50%;

— 121 минуттан көп — 100%.

— Бұл бастаманы қарастыруға азаматтар тарапынан жиілеген өтініштер мен әлеуметтік желілердегі шағымдар себеп болды. 2025 жылы Бәсекелестікті дамыту және тұтынушылардың құқығын қорғау комитетіне 51 өтініш түсті, — делінген ведомство таратқан хабарламада.

Қоса кетсек, Өзбекстанда әскери борышын өтеп жүрген сарбаздарға енді ЖОО-да қашықтан оқу мүмкіндігі ұсынылмақ.

Сондай-ақ, ұшақпен ет импорттайтын өзбекстандық компаниялардың жарты шығынын енді мемлекет өтейді.

Бұған қоса, алимент төлеуден жалтарып жүрген өзбекстандықтарға енді несие берілмейді.