ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда автокөліктер мен олардың тіркемелерін рәсімдеу және қайта тіркеуден өткізу үшін алынатын төлем мөлшері өсті. Ішкі істер министрінің тиісті бұйрығы 1 сәуірден бастап күшіне енді, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Құжатта жазылғандай, 1 сәуірден бастап электромобиль, мотоцикл және тіркемелерді рәсімдеу құны 15 есеге, яғни 1,5 базалық есептік шамаға (18 мың теңге) дейін ұлғайды.
Ал қалған көлік құралдары үшін бұл мөлшер 68,4 есеге өсті. Атап айтқанда, жанармаймен жүретін темір тұлпарларды тіркеуге ниетті өзбекстандықтар енді 2,32 млн сум (82 мың теңге) төлеуі тиіс.
Бұған дейін барлық автомобильдер мен тіркемелерді рәсімдеу құны 34 мың сум (1 200 теңге) болған еді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Өзбекстанда зиянды санаттағы көліктерді экологиялық таза көліктерге ауыстырғандарға субсидия беру жоспарланғанын жазған болатынбыз.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.