Өзбекстанда қолма-қол валютаны декларациясыз шығару шегі көтеріледі

АСТАНА. KAZINFORM — Өзбекстанда жеке тұлғалардың қолма-қол валютаны декларация толтырмай елден алып шығуына рұқсат етілетін сома көлемі ұлғайтылмақ.

Фото: upl.uz

Өзбекстан Президентінің жарлығына сәйкес, елден қолма-қол валютаны декларация толтырмай алып шығу шегі 10 мың доллар мөлшерінде белгіленеді.

Тиісті заң жобасы 2027 жылғы желтоқсанға дейін әзірленуге тиіс.

Ал қазіргі қолданыстағы норма бойынша, бұл көрсеткіш 100 млн сумға (шамамен 8,5 мың доллар) тең. Өзбекстанға одан асатын соманы әкелген немесе алып шыққан жағдайда, жеке тұлғалар жолаушылардың кедендік декларациясын толтырып, оны кеден қызметкеріне ұсынуға міндетті.

Айта кетейік, бұған дейін Өзбекстанға барған шетелдік туристердің әр төртіншісі — Қазақстан азаматы екенін жазғанбыз.

Сонымен қатар Өзбекстан экстремизм туралы заңды жеңілдетіп, интернеттегі бақылауды күшейтті.