Өзбекстанда компания ашып жатқан қазақстандық инвесторлардың қатары көбейді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Наурыз бен мамыр айларының аралығында Өзбекстанда шетелдік капиталмен жұмыс істейтін 900-ден астам жаңа кәсіпорын құрылды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Ұлттық статистика комитетінің 1 маусымдағы дерегіне сай, Өзбекстанда шетелдік капиталмен 16 405 компания жұмыс істеп тұр.
Бұл ретте қытайлық кәсіпорындардың үлесі басым. Үш айда олардың қатары 492-ге көбейіп, жалпы саны 4 068-ге жетті.
Одан кейін 3 086 компаниямен Ресей тұр. Үштікті Түркия түйіндейді. Аталған елдің кәсіпкерлері Өзбекстанда 1 997 кәсіпорын құрған.
Сонымен қатар, қазақстандық инвесторлардың да белсендігілі байқалады. Атап айтқанда, үш айдың ішінде біздің ел Өзбекстанда 54 кәсіпорын ашты. Осылайша, қазір ресми Ташкентте қазақстандық капиталмен жұмыс істейтін компаниялар саны 1 136-ға теңелді.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Қазақстан мен Өзбекстан арасында қосымша 4 сауда дәлізі ашылуы мүмкін. Сондай-ақ, Ташкентте Қазақстанның, Астанада Өзбекстанның сауда орталығы салуы ықтимал. Бұл ретте екі ел арасындағы өңіраралық байланыс нығайып келеді.
Бұған қоса, биыл қаңтар-сәуір айларының қорытындысы бойынша Қазақстан Өзбекстанның негізгі сауда серіктестерінің үштігінде қалды. Қамтылып отырған кезеңде ресми Ташкент Астанаға 405,7 млн доллардың тауарын экспорттап, 986,8 млн доллардан астам сомаға тауар импорттаған. Екі ел арасындағы алыс-беріс 1,4 млрд долларға жуықтады.