Өзбекстанда кітапты белсенді оқыған мектеп оқушылары қаржылай ынталандыру алады

KAZINFORM - Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев 1-11 сынып оқушылары арасында кітап оқуды насихаттау бойынша ұлттық қозғалысты бастау туралы жарлыққа қол қойды, деп хабарлайды Kazinform.

Фото: zamin.uz

Ұлттық бағдарлама биыл іске қосылып, Өзбекстанның барлық аймақтарын қамтиды.

Бағдарламаның жалпы жылдық жүлде қоры 240 мың АҚШ долларын құрайды. Жеңімпаз 50 мың доллар алады.

- Бұл біздің еліміздің тарихындағы оқуды қолдау саласындағы ең ірі марапат болады, - деп атап өтті Өзбекстан президентінің баспасөз қызметі. https://president.uz/ru/lists/view/9243

Қорытынды кезең жыл сайын президент деңгейінде өткізіледі.

2015 жылы БАӘ-де шейх Мұхаммед бин Рашид Әл Мактум бастаған «Араб кітап челленджі» бағдарламасы үлгі ретінде қаралды. Қысқа мерзім ішінде бұл бастама әлемдегі ең ірі білім беру қозғалыстарының біріне айналғаны, 200 млн-нан астам оқырманды біріктіргені атап өтілді.

Еске сала кетсек, бұған дейін Өзбекстан Сенаты кітап оқығаны үшін сотталғандардың жаза мерзімін жеңілдету туралы заң жобасын мақұлдаған болатын.

Осыған дейін Өзбекстанда кітап оқыған сотталғандардың жаза мерзімі қысқаратынын жаздық.