Өзбекстанда құны $1 млн болатын синтетикалық есірткі тәркіленді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Ішкі істер министрлігі мен Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің мамандары 2 есірткі зертханасын анықтады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Фото: ӨР Мемлекеттік қауіпсіздік қызметі
Зертхананың бірі Ташкенттің Яшнабад ауданындағы көп қабатты үйдің пәтерінде, екіншісі Ташкент облысындағы жеке үйде орналасқан. Ол жерлерді тінту барысында синтетикалық есірткі, түрлі контейнер, таразы, газ маскалары табылды.
Бірінші зертханадан - 4,8 кг, екіншісінен 9,9 кг синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл - 40 мың дозаға пара-пар.
Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің ақпаратынша, тәркіленген есірткілердің жалпы құны шамамен 1 млн доллар.
Аталған фактілер бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүріп жатыр.
Еске сала кетейік, бірнеше күн бұрын Өзбекстанда көршілес елдерден әкелінген 50 келіге жуық есірткі тәркіленді.
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.