Өзбекстанда «Макаров» тапаншасын сатпақ болған ер адам ұсталды

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Самарқанд облысының Жамбай ауданында «Макаров» тапаншасын 10 мың долларға сатпақ болған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі. 

Фото: СГБ УР

Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің дерегінде, ұсталған азаматтың 1977 жылғы Ташкент қаласының тұрғыны екені көрсетілген. Тексеру барысында тапаншадан бөлек, одан 96 дана оқ табылды. 

Кейін МҚҚ мамандары күдіктінің пәтеріне тінту жүргізген. Оның нәтижесінде үйден 5,6 мм калибрлі ескі үлгідегі «Монте Кристо» тапаншасы, түрлі оқ-дәрі, мылтықтың бөліктері, өткір бұйымдар және басқа да заттар тәркіленді. 

Осы факті негізінде күдіктінің үстінен ӨР Қылмыстық кодексінің 248-бабының 3-бөлігі (Атыс қаруын өткізу) бойынша іс қозғалып, ол қамауға алынды. 

Ер адамның бұған дейін де Қылмыстық кодекстің 246 (Контрабанда) және 251-1 (Күшті немесе улы заттардың заңсыз айналымы) баптары бойынша сотталғаны белгілі болды.