Өзбекстанда мажоритарлық сайлау жүйесі енгізіледі
Өзбекстан Олий Мәжілісінің Сенаты елде сайлау мен референдум өткізу тәртібін одан әрі жетілдіруге бағытталған заң жобасын мақұлдады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің меншікті тілшісі.
Өзбекстан Сенатының баспасөз қызметінен мәлім еткендей, тиісті заңға сәйкес парламенттің төменгі палатасына сайлау аралас (мажоритарлық, пропорционалды) жүйе негізінде өткізіледі.
«Талапқа сай, заң шығару палатасының 75 депутаты мажоритарлық сайлау жүйесі бойынша бір мандатты округтерден, ал қалған 75 депутат пропорционалды сайлау жүйесі (партиялық тізім) бойынша саяси партияларға берілген дауыс негізінде бірыңғай округтен сайланады», - делінген Сенаттың баспасөз қызметі таратқан хабарламада.
Мұнымен қатар, саяси партиялардан депутаттыққа үміткерлерді ұсыну кезінде әйелдердің үлесі жалпы кандидаттар санының 40 пайызына тең болуы тиіс. Бұған дейінгі талапқа сай, әйелдер үміткердердің 30 пайызын құрауы қажет еді.