ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанның Сұрхандария облысына қарасты Сарыясы ауданындағы тұрғын үйлер мен мектептің аумағына кіріп кеткен аю ішкі істер органдарының қызметкерін жарақаттады, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар.
Бүгін әлеуметтік желілерде Сұрхандария облысындағы «Жаннатмакон» махаллясына кіріп кеткен аюдан қашып бара жатқан адамдардың видеосы жарияланған болатын.
Осы жағдайға байланысты Өзбекстанның экология, қоршаған ортаны қорғау және климаттың өзгеруі министрлігі түсінік берді.
«Аюдың көзін жоюға тырысқан ішкі істер органдарының қызметкеріне жануар шабуыл жасап, оны жарақаттады. Сондай-ақ, аю №74 мектептің аумағына кіріп кетті. Ол уақытта аулада оқушылар болған. Жануар білім алушылардың өміріне қауіп төндірді. Осыған байланысты жедел шара қабылданып, аю атылды», - делінген министрліктің мәлімдемесінде.
Жарақат алған қызметкер қазіргі уақытта медициналық тексеруден өтіп жатыр.
Әлихан Асқар
2018 жылы А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары облыстық Qostanai, республикалық Astana TV, «Жетінші арна» телеарналарындағы бағдарлама және жаңалықтар бөлімінде қызмет етті. «ҚР Президенті телерадиокешенінде» 2022 жылдың мамырынан бастап еңбек етеді. 2023 жылдан бері Kazinform агенттігінің Өзбекстандағы меншікті тілшісі.