Өзбекстанда метро станциясында алақанды сканерлеу арқылы төлеу жүйесі іске қосылды

Ташкент қаласы әкімшілігі ақпарат қызметінің хабарлауынша, алақанды сканерлеу арқылы төлем жүйесі Ташкент метросының «Халықтар достығы» станциясында алғаш рет іске қосылды, деп хабарлайды Kazinform Өзбекстанның UzA агенттігіне сілтеме жасап.

Фото: UzA

Енді Ташкент метросын пайдаланған кезде жол ақысын төлеу үшін банк карталарын немесе QR-код пайдаланудың қажеті жоқ. Өткелде UZINFOKOM компаниясының Palm ID жаңа биометриялық жоба – тамырлардың суретіне негізделген сәйкестендіру жобасы іске қосылды.

Сіз алақаныңызды сканердің үстінде ұстасаңыз, жүйе сізді идентификациялайды. Сізден төлем автоматты түрде алынады. Ол үшін алдын ала бірнеше минут жұмсап, бағдарлама арқылы жеке деректеріңізді енгізуіңіз керек.

Қоғамдық көлікті пайдаланушыларға арналған мобильді қосымша да іске қосылды. Мобильді қосымша арқылы виртуалды карта ашылып, ақшамен толтырылады. Осыдан кейін сіз алақаныңызбен және ешқандай интернет, карта немесе QR-кодсыз төлем жасай аласыз.