Өзбекстанда мұғалім мәртебесі туралы заң күшіне енді
АСТАНА. KAZINFORM – Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев «Педагог мәртебесі туралы» заңға қол қойды, деп хабарлайды Өзбекстан Республикасының Әділет министрлігі.
Құжат мұғалімдердің құқықтарын, міндеттерін, қызметінің негізгі кепілдіктерін, олардың еңбегіне сәйкес еңбекақы төлеуді, ынталандыру мен әлеуметтік қорғау қағидаттарын белгілейді.
Сондай-ақ, онда педагогикалық әдеп ережелері, кадрларды даярлау, қайта даярлау, біліктілігін арттыру және мұғалімдерді аттестациялау стандарттары көрсетілген.
Заңда мұғалімдерге қатысты бірқатар тыйымдар да белгіленген. Атап өткенде, мұғалімдерді негізгі жұмысына қатысы жоқ қызметке тартуға және олардың кәсіби қызметіне кедергі келтіруге тыйым салынады.
Өзбекстанда 10 мыңнан астам жалпы білім беретін оқу орны бар, онда 700 мыңға жуық мұғалім жұмыс істейді.