Өзбекстанда Наурыз мерекесі қалай тойланады

None
ТАШКЕНТ. ҚазАқпарат – Өзбекстанның кез келген тұрғынынан ең сүйікті мерекесін сұрасаңыз, Наурыз деген жауабын жиі естір едіңіз. Бұл мақалада ҚазАқпарат агенттігінің меншікті тілшісі көктемгі мерекенің тарихын, дәстүрлері мен әдет-ғұрпын және оны Өзбекстанда неге жақсы тойланатынын анықтап көрді.

Мейрам тарихы

Көктемнің келгенін, өмірдің жаңа кезеңінің басталуын білдіретін Наурыз (парсы тілінен аударғанда «Жаңа күн») – жер бетіндегі ең ежелгі мерекелердің бірі, ол біздің дәуірімізге дейінгі VII ғасырда тойланған.

Наурыз мерекесін Күнге табынумен және Заратустра Пайғамбардың есімімен байланыстырып сипаттаған ең көне дереккөз – зороастриялықтардың «Авеста» қасиетті кітабы. «Авеста» іліміне сәйкес, адамдар әр көктемде «алты формада» - аспан, жер, су, өсімдіктер, жануарлар мен адамдарда пайда болған тіршіліктің басталғанын атап өтуі керек.

Әбу Райхан Бирунидің «Ежелгі халықтардың ескерткіштері», Әбілқасым Фирдаусидің «Шахнама», Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрік», Әбу Бәкір әл-Наршахидің «Бұхара тарихы», Омар Хайямның «Наурызнама» еңбектерінде және басқа да көне деректерде Наурыз тарихы туралы құнды мәліметтер келтірілген. Ұлы ақын Әлішер Науаидың «Әр түнің Қадыр болып, әр күнің Наурыз болсын!» деген өлең жолдары да Наурыздың халық үшін қандай маңызды әрі құнды екенін көрсетеді.

2009 жылы Наурыздың халықаралық мереке мәртебесін алып, ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралары тізіміне енгені де кездейсоқ емес. Наурыздың рухы мен философиясы бейбітшілік пен келісімге, махаббат пен мейірімділікке шақырады.

Салт-дәстүрлер мен ғұрыптар

Бұл мереке жаңа үміттермен, бәрін басынан бастау мүмкіндігімен тығыз байланысты. Сондықтан, мереке алдында дәстүр бойынша араздасқандар татуласып, барлық қарыздарды кешіріп, айып-күнә болса мойындау керек. Ғасырлар бұрын Наурызда әскери бітім жасалып, тіпті ең нашар жаулардың да реніштері кешірілген, олармен мерекелік ас пен сауық кешін бөліскен.

Мереке қарсаңында бүкілхалықтық асар өтеді, бүкіл республика бойынша үйлер, көшелер ретке келтіріліп, гүлдер мен ағаштар отырғызылады, қасиетті ғибадат орындары абаттандырылады.

Мерекенің ең маңызды күні – 21 наурыз. Аңыз бойынша, Наурыз неғұрлым көңілді және қуанышты болса, табиғат та адамдарға жомарт болады. Сондықтан, таңертеңнен бастап керней мен сырнай, дойра мен ногор аспаптары Навруздың басталғанын хабарлайды және адамдарды мерекелік сауыққа шақырады.

Наурыз күндері күрес, көкпар, арқан тарту, ат жарысы, садақ ату сияқты ұлттық спорттық ойындар барлығына ерекше көтеріңкі көңіл-күй сыйлайды. Бұл ойындар ежелден жас ұрпақтың дене шынықтырып, ар-намыс, адалдық, батылдық, Отанды сүю сияқты асыл қасиеттерді қалыптастыру үшін маңызды болған. Құрметті ақсақалдар жарысқа қатысушыларды «Жеңісің әділ болсын» деген сөздермен бата береді.

Ежелгі салтпен от жағу, алау мен шам жағу дәстүрі де бүгінгі күнге дейін сақталған. Дәстүр бойынша адамдар күнәсінен тазару үшін оттан жеті рет немесе жеті оттан бір реттен секіруі керек.

Халықтың наным-сеніміне сәйкес, бұл мерекеде үйге келген алғашқы қонаққа көп нәрсе байланысты. Жаңа жылдың бірінші қонағы сабырлы және мейірімді, абыройлы және беделді болуы керек, ең бастысы – қонақтың аяғы құт болып, үйге сәттілік әкелуі керек.

Тағы бір қызықты салт – Наурыз мейрамы басталысымен адамдар көршілердің әңгімелерін тыңдап көреді. Әңгіменің жағымды немесе жағымсыз болуы келер жылдың да қалай өтетінін білдіреді деп сенеді.

Өзбекстанда Наурыз мерекесі 13 күн тойланады және осы күндері жасалған әрекеттер келер жылға да ықпал етеді деп саналады. Сондықтан мереке күндері бір-біріне қонаққа бару, қарт көршілер мен туыстардан хабар алу, ағаш отырғызу, сыйлық беру кең талаған. Бұл күндері жасалған сыйлықтар мен қайырымдылықтар берушіге үш есе болып қайтады деген ұғым бар.

Мерекелік тағамдар

Бұл күні мерекелік дастарханға барлық отбасы мүшелері жиналады. Міндетті түрде үстел жаңару мен жаңа өмірді бейнелейтін тағамдармен безендірілуі керек: бидай дәндері, аскөк пен көкөністер қосылған көк-самса, көк-манты, көк-тұшпара қойылады. Сонымен қатар, палау, сорпа, ет, жасыл түске боялған жұмыртқа (көктемнің түсі), бадам, жаңғақтар мен тәттілер ұсынылады.

Бірақ мерекелік үстелдің басты тағамы – май мен ұн қосылған, бидай дәндерінен әзірленген сүмәлак болып қала береді. Бұл көнеден келе жатқан пайдалы көктемгі ас, оның шығу тегі туралы көптеген аңыздар бар.

Сол аңыздардың бірінде жау қоршауында қалған бекініс-қалада тамақ таусылып, тұрғындар қаптың түбінен табылған бидайды пісіру арқылы аштықтан аман қалғаны айтылады. Ақырында қала тұрғындары әл жинап, жауға төтеп берген көрінеді. Тағы бір аңыз бойынша, тағамның атауы «30 періште» деген мағынаны білдіреді және оны пісіру үшін кедей әйелге періштелердің өзі көмектескен.

Өзбектер бұл тағамды мереке қарсаңында дайындай бастайды. Үлкен отбасының, махалланың немесе көшенің барлық әйелдері үлкен қазан басына жиналып, түні бойы тағамды отқа күйіп қалмас үшін кезек-кезек араластырады. Көбінесе, қазан түбіне кішкене тастар қойылады, сондықтан тағам жақсырақ ұнтақталып, отқа күймейді.

Кімнің тостағанына сәттілік әкелетін тас түссе, жаңа жылда мол табысқа жетеді деп сенген. Қазан басындағы ұзақ және көп уақытты қажет ететін процесс жалықтырмау үшін адамдар ән айтып, би билеп, көңіл көтереді. Осылайша Наурыздың көңілді кешін бастайды. Көне замандағыдай достарға, көршілерге және қарапайым жолаушыларға дайын тағам беру керек, бұл жаңа жылда байлық пен жетістікке жол ашады. Сондай-ақ, жеті түрлі қазаннан сүмәлактың дәмін татқан адамға жыл бойы бақыт пен сәттілік серік болады деген наным бар. Осындай көне мереке заманауи өмірде де үйлесім тауып өзгере алды және Өзбекстанның тарихы мен қазіргі заманын байланыстыратын маңызды буын болып отыр.

Фото:УзА